ГОЛОВКИН «ЖЫЛ АДАМЫ» АТАНДЫ

269
оқылым

 

Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) басшысы Маурисио Сулейман бокстың дамуына қосқан үлкен үлесі үшін қазақстандық боксшы Геннадий Головкинді (37-0-1, 33 КО) 2017 жылдың «Жыл адамы» деп жариялады, деп хабарлайды Qazaqia.kz сайты Sports.kz-ке сілтеме жасап.

– GGG бокс үшін рингтің ішінде де, сыртында да жасаған барлық еңбегі үшін 2017 жылдың Жыл адамы, – деп келтірді Сулейманның сөзін Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) Твиттерлегі парақшасында.

WBC Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің келесі жылдың 5 мамырында өтуі мүмкін келесі жекпе-жегіне рұқсат берген болатын.

Естеріңізде болса, орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин бұған дейін Гиннестің рекордтар кітабына енген еді. Жерлесіміз бұл құрметке нокауттар саны жағынан ең жоғары пайызды көрсеткені үшін ие болған.

Айта кетсек, отандасымыз таяуда Германияның Гифхорн қаласындағы қайырымдылық бокс кешіне қатысты. Шара неміс боксшысы Эдуард Гуткнехтті қолдау мақсатында ұйымдастырылған. Онда ұйымдастырушылар 50 мың еуро жинаған болатын, ал Головкиннің өзі 25 мың еуро көлемінде көмек көрсетті.

Бөлісу