АСЫҚ АТУ МЕН ЛӘҢГІ ТЕБУДЕН МЫҚТЫЛАР АНЫҚТАЛДЫ

116
оқылым

Шымкентте ұлттық спорт түрлері – асық ату және ләңгі тебуден мықтылар анықталды. «Спорт – нашақорлыққа қарсы!» ұранын ту еткен облыстық турнир алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ептілікке қажет ететін сайысқа өңіріміздің барлық ауданынан 16 команда қатысты.

«Шымкент Плаза» сауда орталығының алдында өткен жарыста 100-ге жуық спортшы бақ сынады. Әр ауданнан алты спортшыдан қатысты. Жастар ләңгі теуіп, бірі асық атудан және бірі бес асықтан сайысып, ұлттық спорт түрлерін насихаттады.

Бүгінде облыста ұлттық спорт түрлерімен жалпы 13-мыңға жуық адам шұғылданады. Бұл еліміздегі үздік көрсеткіш.

Турнирдің жалпыкомандалық есебі бойынша ләңгі тебуден бірінші орын Бәйдібек ауданы жеңіп алды. Асық атудан да осы ауданның тумасы Мұса Биболсын жеңімпаз атанды. Жалпыкомандалық есепте де Бәйдібек ауданы топ жарды.

Облыстық турнирде іріктелген спортшылар қаламызда өтетін «Асық ату» спортынан ҚР кубогін сарапқа салады.

– Ұлттық спорт ойындарының жас ұрпаққа берер тәрбиесі мол. Ендігі мақсат – ұмыт қалған ойындарды жаңғыртып, облыстың барлық аудандарында, ЖОО және мектеп оқушылары арасында көптеп осындай іс-шаралар өткізу, дәстүрімізді кеңінен насихаттап, дамыту, – дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев.

Айта кететіні, облыстық турнирге жарыстан тыс қатысқан басқарма басшысы ләңгі тебуден 45-ұпай жинап, өз шеберлігін паш етті.

Бөлісу